Текст
Отбасы – адам баласының өсіп-жетілетін, қаз тұрып, қанат қағар алтын ұясы, тәлім-тәрбие алатын құтты ошағы. Сондықтан да жанұяның әрбір мүшесінің қоғамда өз орны бар.
Отбасы – еліміздің мызғымас тұрақтылығының, ауызбіршілігі мен болашағының қайнар көзі. Себебі тәрбиелі ұрпақтың ел мен жерге адал қызмет жасауы жанұядағы өнегеден бастау алмақ. Сондықтан да «Отбасы» қашанда қоғамның іргесін ұстайтын маңызды тетігі, діңгегін қалаушы берік кірпіші десек артық емес.
Осынау әлеуметтік маңызға ие мереке күні барлық шаңыраққа құт-береке, мол ырыс, мамыражай тыныштық тілеймін! Әр отбасының іргесі берік болып, түтіні түзу ұшсын, ардақты ағайын!